Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясына 30 жыл. Мерейтойлы жыл аясында елімізде бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған 400-ден астам ірі іс-шара жоспарланған. Қоғамдық институттың құрылған 1-ші наурыз күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында республикалық желілік форум өтеді. Ол мерейтойлық шараларға бастау болмақ. Кейін ол жыл бойы ел бойынша түрлі қайырымдылық акциялар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мен мәдени-шығармашылық шараларға ұласады. Биыл белсенді жастардың әлеуетін ашуға басымдық берілмек. Осы жылы еліміздің жастар ассамблеясы ЮНЕСКО-ның жаһандық жастар қауымдастығы және Еуропа кеңесінің жастар ұйымының қатарына қосылуды межелеп отыр. Сонымен қатар Орталық Азия жастары көшбасшыларының кездесулері өтпек.
Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы:
- Бізге шетелдік әріптестерімізбен кез-келген қарым-қатынастың Қазақстан жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны маңызды. Мәселен ЮНЕСКО-мен байланыс орнату мәдениет пен ғылым, еріктілер қызметіне қатысты халықаралық жобаларға қолжетімділікті арттырады. Яғни, бірлескен жобалар жасау мүмкіндігі туады. Орталық Азиядағы әріптестерімізге келсек, аймақтың жастары тәжірибе мен білім алмасуына жағдай жасау. Бұл бізбен қатар жалпы өңір жастарына тың бастамаларын іске асыруға жол ашады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

