Елімізде ұмыт бола бастаған қазақ халқының ұлттық тағамдарын жаңғырту ісі қолға алынды

Отандықғалымдар мен үздік аспаздар бірлесіп гастрономияда жаңа және бірегей бағыт неоқазақ тағамдарын жасауға кірісті. Бүгінгі дастархан басында кезікпейтін көне тағамдардың бағзы дәстүрін сақтап, заман талабына сай әзірлеу үшін арнайы ғылыми зерттеулер жүргізілді. Құрамына тек табиғи өнімдер кіреді.

ӘЙГЕРІМ МҰСАҒАЖИНОВА, ҒАЛЫМ, ЭТНОГРАФ:

- Негізінен құрт, ірімшік, тары және талқан сынды ұлттық азық-түлік өнімдерін қолданамыз. Бүгінде, әсіресе тары мен талқан негізінде қазақ гастрономиясының жаңа бағыттарын құруға ден қойдық. Мәселен, тары қосылған кофе әзірлеу технологиясын ойлап таптық. Өйткені, бұл табиғи дақыл болғандықтан құрамында глютен жоқ. Бұған қоса тары кофеинді өзіне сіңіріп алады. Сондықтан,ағза оны жылдам қорытады.

Ғалым-этнограф Әйгерім Мұсағажинова бұл іске бес жылдан астам уақытын арнаған. Зерттеушілер тобымен бірге ол шалғайдағы ауылды жерлерді аралап,көшпенділердің ең көне тағамдарының сыры мен мәнін ашуға тырысқан. Бар жиған ақпаратты саралап, қазір жойылып бара жатқан қазақтың ас мәзірін қайта жаңғырту үстінде.

ӘЙГЕРІМ МҰСАҒАЖИНОВА, ҒАЛЫМ, ЭТНОГРАФ:

- Бүгінде молекулярлы асхана сынды жаңа технологиялардың көмегімен тағамдардың жаңа түрлерін, бағыттарын құру мүмкіндігі бар. Мәселен талқанды қосып дәмі тіл үйірер тәтті десерт жасауға болады. Осылайша, ұлттық тағамдарды терең зерттеу арқылы құндылығын кеңге таныта аламыз. Біздің көздегеніміз де осы.

Бүгінде қазақ халқының дәстүрлі асханасына сұраныс артып келеді. Алайда, ұлттық тағамдарымыз кез-келген қоғамдық тамақтану орындарынан табыла қоймайды.Елордалық мейрамханалардың бірінің ас мәзірінде бешбармақ пен  қуырдақтың орнына көшпенділердің көмескі қалған ондаған бірегей тағамы ұсынылады. Екінің бірі біле бермейтін көне дәмдердің бірі «Қазан жаппа».Бұл тағам негізінен Ұлыстың Ұлы күні Наурызға арнайы жасалған.

Бізде бүгін дайындалатын «Қазан жаппа». Бұл қазақтың ежелгі тағамы. Бізде бірінші жылқы еті, әрлеу-әспеттеу үшін қызанақ, пияз, көк пияз, тағыда ішіне қосылатын ақ пиязымыз және болгар бұрышы бар. Соя суысы мен күнбағыс майын қосамыз. Бұл 10 минуттың ішінде дайын болатын тағамдардың бірі.  

Бүгінде еліміздің рестораторлары отандық этнографтар және ғалымдармен бірге жер жаһан жұрты іздеп жүріп ауқаттанатын италияндық, қытайлық және шығыс асханаларымен қатар қазақтың құнарлы әрі ағзаға пайдалы ұлттық тағамдарын танымал етуді мақсат тұтады. Әрбір тағамның бірегейлігін  сақтау  қамында оларды әзірлеу барысында ескі дәстүрді бұзбай заманауи бағытта жетілдірудің тиімді тәсілдері жан-жақты зерттеліп жатыр.

Жеңіс Ермұқанов