Қазақстанның қазыналы жер қойнауын зерттеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Бұған елордадағы жыл сайынғы тау-кен форумы дәлел. Биыл дәстүрлі шараға қатысушылардың негізгі денін шетелдіктер құрап отыр. Олардың қатары биыл былтырғыдан 20% көп. Сырттан келген инвесторлар ел аумағында бағалы әрі сирек кезігетін металдар қорын барлап оларды игеруге ниет білдіруде. Жалпы форумда Қазақстанмен қатар Еуропа, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Африка, АҚШ-тың өкілдері бас қосты. Барлығы 32 елден 235 компания мен 450 астам сала маманы жиналды.
Артур Поляков, Тау-кен форумының президенті:
– Осы жылы форумға жаңадан 5 ірі стратегиялық инвесторлар қосылды. Ол компаниялар Австралия, Еуропа, Канада АҚШ, Малайзия және өзге де елдерден келіп жатыр. Қазақстан минералды шикізатқа бай. Олардың қоры өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері талданбады. Қазақстан аумағының тек 30% зерттелген. Жер астында не барын, қандай жобаларды жүзеге асыруға болатынын қазіргі таңда дөп басып айту қиын. Оған қыруар қаржы құю қажет. Сондықтан Қазақстан өзге де Орталық Азия елдері сияқты геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді ұсынып отыр.
Джеймс Бэньярд, Тау-кен өндірісі компаниясының менеджері, Канада:
– Біз қазір Қазақстанда негізінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мақсатымен жүрміз. Сонымен қатар біз осы сала бойынша стратегиялық әріптестік орнатып, жаңа кен орындарын игеруге қатысты толық тізбекті бағалау, сараптау жұмыстарын жүргізуге ниеттіміз. Сондай-ақ қалдықсыз өнім, яғни қайта өңдеу жағына да демеу жасай аламыз. Қазіргі уақытта бізде екі бірлескен жоба бар, оның аясында Қазақстанның бірқатар терең жерлерін зерттеп жатырмыз.