Астана халықаралық әуежайы басқару құқығы берілген шетелдік инвестормен бірлескен жұмысты бастады. Бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы болашақ инвестицияларға негіз салатын бизнес-жоспарын таныстырды. Онда әуежайды мультимодальді хабқа айналдыруға бағытталған іс-шаралар кешені қамтылған. Құжатта инфрақұрылымын жаңғыртып, ұшу-қону жолағын қайта құру көзделген. Бұған қоса жүк терминалының қуаттылығы мен жолаушылар ағынын еселеу жағы да ескерілген. Сайып келгенде заманауи технологиялық шешімдер арқылы елордалық әуе айлағы «смарт-әуежайға» айналмақ. Әзірге инвестор 1 жыл бойы әуежай әлеуетін зерделеп, мүмкіндіктерін бағалайды. Содан кейін нақты инвестиция көлемі мен ұзақмерзімді келісімшарт жасасу мәселесі қарастырылады.
Ерғазы Жолдасов, Астана
халықаралық әуежайының басқарма төрағасы:
-Біз зерттеп қарағанда Орталық
Азия да, Африка да осындай әуежайларды басқарып, оны дамытуда тәжірибесі бар
компания. Бүгінгі таңда бұл компанияның ойы бізді де тексеріп, әрі қарай
өздерінің инвестициясын салып, дамыту. Бұнымен келесі кезеңде айналысады. Осы
бір жылдың ішінде қарастырып инвестициясын салатындай келісімшарт болса онда
әрі қарай басқаруға алады. Тек басқару, бұл жерде ешқандай сатылым жоқ.
Мохамед Саиф Әлхейли, Terminals
Holding басқарма төрағасы:
-Біз халықаралық тасымалдаушыларды
тарту және жүк терминалын кеңейтуге баса назар аударуымыз керек. Бұған қоса, Еуропадан
Азияға, сондай-ақ Шығыс және Батыс Азиядан Парсы шығанағы аймағына Жолаушылар
ағынын арттырудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Осылайша, біздің барлық
стратегиялық бағдарларымыз Астана әуежайын хаб ретінде қайта құруға бағытталған.
Әуе айлағы бұл үшін барлық мүмкіндіктерге ие.