Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру қажеттілігі туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельмен кездесуі барысында мәлімдеді. Ұйымның қызметі аймақтағы мемлекеттердің гидроэнергетика, ирригация және қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды мүдделерін теңестіруге бағытталған. Осыған байланысты Президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды. Тәуелсіздік жылдарында ЕуроОдақ біздің елге 160 млрд доллар көлемінде қаржы құйды. Одақ елдері Қазақстанмен инвестициялық серіктестігін одан әрі қарай жалғастыруға мүдделі.
Бернд Ланге, Еуропарламенттің халықаралық сауда жөніндегі комитетінің төрағасы:
- Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі өте маңызды. Әсіресе өңірдегі тұрақтылықты сақтауда сіздердің елдеріңіздің аймақтағы орны тіпті айқындала түседі. Тіпті пандемия кезінде де Қазақстан ЕуроОдақтың аймақтағы маңызды сауда серіктесі болып қала берді. Қазір жаңа жобаларды бірігіп жүзеге асыратын уақыт келді деп санаймыз.
Бельгия мен Қазақстан коронавирус пандемиясына қарсы күрес бойынша ықпалдастық орнатуға ниетті. Бұл туралы Қасым Жомарт Тоқаевтың Премьер-Министр Александр Де Кроомен кездесуінде сөз болды. Қазақстан Президенті отандық «QazBioPharm» ұлттық холдингі мен бельгиялық биофармацевтикалық платформа арасында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.