2025 еліміз үшін сандық жаңғыруға бетбұрыс жылы болды. Қазақстан алдағы үш
жылда цифрлық елге айналуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа
арнаған жолдауында осындай стратегиялық міндет қойды. Елде Орталық Азияда алғаш
болып Жасанды интеллект туралы заң қабылданып, тұтас салалық министрлік құрылды.
Елорда төрінен Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бірегей инновациялық
кеңістік ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия мен мемлекеттік қызмет көрсету
сынды салалардағы технологияны дамытуды көздейді. Сондай-ақ, әлемдегі ең
үздік 500 есептеу машинасы арасынан 86-орынды иеленген суперкомпьютер өз
жұмысын бастады. Оның рессурстарын пайдалану бойынша өтінім қабылдайтын Alem.Cloud
платформасы іске қосылды.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Цифрлық
даму және жасанды интеллект министрі:
- Алғашқы үлкен есептеу қуаттары іске қосылды. Олар
қазірдің өзінде университеттерге, стартаптарға, компанияларға, мемлекеттік
органдарға қолжетімді. Олар осы есептеу қуаттарымен жасанды интеллект
модельдерін жаттықтыра алады. Өздері ойлап тапқан модельдерге fine-tuning жасап,
жетілдіріп өңдейді. Осы суперкомпьютерлерде үлкен тілдік модельдер жасалды. Бұл
не үшін қажет дейтін болсақ, ең алдымен тілдік модельдер цифрлық тәуелсіздікті
қамтамасыз етеді.
1 млрд доллар ІТ өнім экспорты. Мемлекет басшысы 2026 жылға осындай мақсат
белгіледі. Алайда, министрлік бұл межеге мерзімінен бұрын қол жеткізгенін
мәлімдеп отыр. Биыл 100 астам стартап
шетелдік нарыққа шыққан. Қазір Astana Hub-қа 2 мыңға тарта резидент компания
тіркелсе, оның 500 жуығы шетел капиталы үлесімен құрылған.
Жамбыл Махметов, Astana Hub басқарушы директоры
- Біз Google for Startups-пен бірлескен акцелеряторлық
бағдарламаның операторымыз. Бұл Еуразия құрлығының орта бөлігіндегі 8 елді
қамтиды. Силликон алабындағы әйгілі венчурлық Draper университетімен бірлескен
жобамыз бар. В2В бағыты бойынша әлемдік үздік акцелерятор Alchemist-пен жұмыс
жасаймыз. Біздің силикон алабынан басқа Ұлыбританияда, өзге де аймақтарда да
бірқатар әріптестеріміз бар. Биыл Біріккен Араб Әмірлігінде, Қытайда жаңа хаб
аштық. Барша әлем нарығы бойынша белсенді дамып келеміз.
Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған жасанды интеллектіні
енгізу және басқару деңгейі бойынша Қазақстан биыл тың серпіліс жасады. Яғни, еліміз әлемнің 195 мемлекеті арасында
60-орынға көтеріліп, бір жыл ішінде бірден 16 сатыға жоғарылаған. Бұл тізімдегі
өңірлік бөліністе «аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі» деген
мәртебесін қайта растады. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қызметтердің цифрлануы,
электронды үкіметтің дамуы және сандық инфрақұрылымның нығаюымен байланысты. Бұл
ретте әлемдік рейтингте онлайн қызмет көрсету сапасы бойынша 10-орынға жайғасқанымызды
айта кету керек. 2025 жылдың басынан бері қазақстандықтар онлайн форматта 51,5
млн астам қызмет алған, Бүгінде Мемлекеттік
қызметтің 90% онлайн үлгіде қолжетімді.

