Республика күні - тәуелсіз әрі зайырлы, құқықтық мемлекет құрудың негізін
қалаған Қазақстанның ұлттық мәртебесі бар мерекесі. Осыдан тура 34 жыл бұрын
қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміздің барлық азаматының
ұлты, жынысы, діни және саяси сеніміне қарамай мүдделері мен құқықтарының тең қорғалуын
қамтамасыз етті. Құжат саяси партиялар, қоғамдық, ғылыми және діни бірлестіктер
сынды түрлі маңызды институттардың дамуына жол ашты. Яғни, бір шаңырақ астында халықтың
біте қайнасқан бейбіт тірлігіне сызат түсірмеу қамында ұлттар мен ұлыстардың бірегейлігін
танытатын төл мәдениеті мен дәстүрі, тілі мен дінінің дамуына негіз болды.
Отандық сарапшылар дәл осы күні Қазақстанның рухани жаңғыруына жол ашылғанын
алға тартады.
Елнар Берікбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:
- 1990 жылы тәуелсіз «Қазақстан муфтияты» құрылды. Кейінірек, Алматыдағы
Вознесенский және Никольский соборлары Орыс православ шіркеуіне берілді. Азаматтар
діни сенім құқығына ие болды. Елімізге әлемнің жер-жерінен миссионерлер келе
бастады. Яғни, Қазақстанның рухани ренессансы басталды деуге болады. Республика
күні – бұл еліміздегі жалғыз ұлттық мереке. Осындай ұлттық және көптеген мемлекеттік
мерекелер түрлі конфессиялар мен этностарды жақындастыруға, толерантты, бейбіт
Қазақстанның диалог құруына және болашақта үйлесімді дамуына қызмет етеді.
Жеңіс Ермұқанов