Қазақстанның туристік саласының әлеуеті зор. Бұны көптеген адамдар, кәсіби
сарапшылар да, саяхатшылар да атап өтеді. Елімізде туризмнің сан түрлерін
дамытуға болады. Мәселен тұмса табиғат пен мәдени-тарихи мұрасы бай өлкеде белсенді,
экологиялық, тіпті гастрономиялық саяхатты ілгерілету үшін жағдайлар бар.
АҚШ-тың еліміздегі бұрынғы елшісі Дэниел Розенблюмның да пікірі осыған саяды.
Дипломат ұлттық тағам – асылған еттің ол үшін нағыз жаңалық болғанын және
Құрама Штаттарға оралған соң оның қайталанбас дәмін сағынатынын мойындады. Ол
Қазақстанда жұмыс істеген жылдары барлық өңірлерді аралап шыққаннын айтады. Ұлттық
ескерткіштер, қасиетті мекендер мен танымал бағыттарды зерттеді. Дипломат
өзінің Қазақстанға саяхат жасаудағы жеке тәжірибесімен Қазақ Туризм ұлттық
компаниясының басшысымен бөлісті.
Дэниел
Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы
бұрынғы елшісі:
- Мен Қазақстанның географиясын АҚШ жерінен де әлдеқайда жақсы
білемін десем артық айтпаспын. Өткен жылдың күзінде Оралға барған сапарымда
алма бағы мен жүзім алқаптарын аралаудан естен кетпес әсер алдым. Аталған
жемістерді зерттеумен айналысып, бірегей сұрыптарын өсіретін ерлі зайыпты ғалымдармен
таныстым. Олардың мақсаты - биологиялық әртүрлілікті сақтау. Дәмін татып көру
үшін бақшаға кіріп, оларды өз қолыммен тердім. Шынымен дәмі тіл үйіреді. Оны
сөзбен айтып жеткізу қиын. Өте ерекше бақша дақылдарын дүкен сөрелерінен таба
алмайсыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

