Қазақстанда мұғалжар жылқы тұқымының жаңа түрі таныстырылды

Қазақстанда мұғалжар жылқы тұқымының жаңа «Ертіс» түрі шығарылды. Абай облысында ғалымдар қазақ тұлпарын будандастыру бағдарламасы іске қосылғалы жарты ғасырға жуық уақыт бойы селекциямен айналысқан. Зерттеушілердің бірнеше буыны тұқымды дамыту мен жетілдіруге бар күштерін салып, нәтижесінде табысқа жетті. Айта кетейік, бұл – Абай облысында жылқылардың жаңа типіне сәтті іріктеу жүргізген екінші жағдай. Өткен жылы «Бесқарағай» аталатын қазақ жылқысының типі таныстырылған болатын.


Қайрат Исхан, профессор:

– Бұның ерекшелігі - өнімділігі жоғары, ет беру шығымы 58% құрайды. Төл беру, төлшілдігі 85% жоғары. Сонымен қоса бір типте, бір түске - құла, сары түске негізделген. Аяқтарында қара жолақтары бар, зебра тәріздес. Кеуде құрамы кең, мойыны жалпақ және сауырыны түсіңкі қақпан бел келеді. Қарынды, салмақты келеді. Сондай-ақ, қысы-жазы жайылымға жақсы бейімделгенімен ерекшеленеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда спорттық бағыттағы жылқылардың қазақ тұқымын өсіру қолға алынған. Тиісті заңға жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Жылқы шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен алдағы бес жылда 700 млн теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған.