Қ. Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Қ. Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев алты мемлекеттің – Мысыр, Сербия, Люксембург Ұлы Герцогтігі, Австралия, Колумбия, Сирияның төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Салтанатты шара бүгін Ақордада өтті. Мемлекет басшысы дипломаттарды еліміздегі миссияларының ресми басталуымен құттықтап, Қазақстанның бейбітсүйгіш әрі конструктивті сыртқы саясат ұстанатынына назар аударды. 

«Еліміз барлық елдермен тығыз, жақсы қарым-қатынастар орнатуға ниетті. Осы мақсатта ынтымақтастық барлық бағыт бойынша жүргізіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент елшілерге табыс тілеп, оларға өз міндеттерін атқару барысында Қазақстан Үкіметі тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы  олардың президенттеріне ізгі тілегі мен сәлемін жолдады. 

Томас Райзен, Люксембург Ұлы Герцогтігінің елшісі: 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсыру салтанатына байланысты сіздің елдеріңізде, Қазақстанда, қайтадан  болғаныма өте қуаныштымын. Менің тағайындалуым біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың маңызды сәтінде болып отыр. Екі жыл бұрын біз екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың 30 жылдығын атап өттік. Елші ретінде мен екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі тереңдету үшін бар күшімді саламын.    

Эктор Исидро Асренас Нейра, Колумбия Республикасының елшісі: 

– Колумбия мен Қазақстанның халықаралық саясатқа қатысты көзқарастары сәйкес келеді. Біздің ортақ және негізгі мақсатымыз - мемлекеттеріміздің дамуы жолында аянбай еңбек ету. Колумбия да Қазақстан сияқты жаһандық жылыну, энергетикалық ресурстар және биологиялық даму сияқты бағыттарда жұмыс істеуде.