Қазақстанда жаңадан су қоймасы мен каналдар салынады. Оған лайықты деп Қызылорда облысы танылып отыр. Бейінді министрліктің мәліметінше, онда сондай-ақ 2 су торабы мен 4 гидротехникалық құрылысқа реконструкция жасалады. Айта кетейік, бүгінде өңірде су жинау станцияларын жаңғырту жобасы іске асырылуда. Бұл ретте ұзындығы 232 шақырымды құрайтын бес арнада суды есептеудің автоматтандырылған жүйесі орнатылады. Бұл ресурстарды неғұрлым тиімді бақылауға және басқаруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қазірдің өзінде тағы 16 магистральдық және шаруашылықаралық арналарды автоматтандыру үшін жобалау- сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, облыста су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша да жұмыс жалғасуда. Олардың арқасында өткен жылы шаруалар 200 млн текше метрге жуық тіршілік көзін үнемдеді.
Ғалымжан Қамбарбеков, Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы:
- Көршілес елдермен екіжақты және үшжақты келіссөздер мен қабылданған шешімдердің нәтижесінде 2024 жылы Шардара су қоймасына 15 млрд текше метрден астам су келді. Оның 4,8 млрд текше метрі суару кезеңінде, ал 10,3 млрд текше метрі вегетацияаралық кезеңде жиналды. Солтүстік Аралға 2,6 млрд текше метр су жіберілді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Аралға 816 млн текше метр су жіберілді.
Айта кетейік, Қызылорда облысында және Қазақстанның тағы 8 облысында гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша жаңа ұйымдар құрылды. Қазір елімізде барлығы 15 осындай мекеме бар. Олар да су саласының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

