Курчатовқа ғылыми қала мәртебесін беру ұсынылды. Сенатың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында моноқаланы ғылыми орталыққа айналдыруға қатысты пилоттық жобаны іске асыру мәселесі қаралды. Комитет төрағасы - Андрей Лукиннің айтуынша, сенаторлар жақында Абай өңіріндегі мекенге барып, ондағы Ұлттық ядролық орталықты аралаған. Ол қала негізін қалайтын кәсіпорын екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, палата депутатының дерегінше, онда ғылыми-техникалық қызмет түрлері атқарылады. Бұл ретте тәжірибелі шетелдік кәсіпорындармен тығыз әріптестік орнаған. Нәтижесінде орталықтың коммерциялық пайдасы өткен жылдың қорытындысы бойынша шамамен 4 млн. долларды құраған. Жалпы отандық ядролық орталықта бүгінде әлемде баламасы жоқ ғылыми қондырғылар орналасқан. Олардың ішінде - ядролық зерттеу реакторлары, материалтану токамагы, сараптамалық жабдықтармен жарақтандырылған заманауи зертханалар бар. Комитет отырысында депутаттар бұл моноқалаға ерекше мәртебе беру жалпы ғылымды дамытуға, өңірге кадрлар тартуға және отандық экономикаға инвестициялар ағынын арттыруға серпін қосатынын атап өтті.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Біз Үкіметке мәселелердің шешімі көрініс табатын ұсыныстар әзірлейміз. Онда Курчатовты ғылыми қалар тұжырымдамасына қосу жағы да қарастырылады. Бұл инфрақұрылымға және ғылымға қатысты біраз күрмеулі мәселенің түйінін тарқатады. Мәжілісте қазірдің өзінде Алматы өңіріндегі «Алатау» ақпараттық технологиялар паркін ғылыми қала деп танып, қанатқақты алаң ретінде қарау тұжырымдамасы бар. Біз Үкіметке оған Курчатов қаласын да қосуды ұсынып отырмыз.
Авторы: Жеңіс
Ермұқанов

