ШЫҰ: Қазақстан – Ресей. Туризм және спорт саласының дамуы

Алматы қаласындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің кездесуінің басты мақсаты - спорт пен туристік әлеуетті дамыту. Қазақстанның бастамасымен ұйымның туризм саласындағы 2024-2025 жылдарға арналған бірлескен жоспар әзірленіп, қабылданды, ол 20-ға жуық іс-шараны қамтиды. Құжатта инфрақұрылымды жетілдіру, туристік сұранысты ынталандыру, саяхатшылар үшін сервисті жақсарту және аймақ бойынша туристік бағыттарды ілгерілету шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, әрбір ел бірегей туристік мүмкіндіктер мен ресурстарды ұсына отырып, өз үлесін қосады.

Ермек Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі:

-Біздің министрлік жанында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті жұмыс істейді. Ол түркі әлемінің рухани туристік астанасы - Түркістан қаласында орналасқан. Алдағы академиялық жылы біз әр елден 2 өкілден бастаманы басым негізде қабылдауға дайынбыз. Біздің бастамамыз - ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұдан басқа, ШЫҰ аясында ұйымның туристік мәдени астанасы жобасы табысты іске асырылуда. Алматы бұл мәртебені келесі қалаға беруге дайын. Біз өз тарапымыздан аспан асты еліндегі Циндао қаласының ШЫҰ туристік мәдени астанасы ретінде кандидатурасын қолдауға дайынбыз.

Ресей Экономикалық даму министрлігі экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Никита Кондратьевтің айтуынша, бұл қадам елдер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және мәдени алмасуды кеңейтуге ықпал етеді.

Никита Кондратьев, Ресей Экономикалық даму министрлігі көпжақты экономикалық ынтымақтастық және арнайы жобалар департаментінің директоры:

Кездесу өте қарқынды әрі тиімді өтті. Оның қорытындысы бойынша алдағы 2 жылға арналған бірлескен жұмыс жоспары қабылданды. Оған Ресей тарапынан 4 блоктан тұратын ұсыныстар енді. Біріншісі, сәйкесінше, бірлескен туристік өнімдерді ілгерілету: біз туристік сала кадрларын даярлауға, сондай-ақ саяхатшылардың қауіпсіздігі мен стандарттарды жақындастыруға ерекше назар аудардық. Айта кетейік, соңғы блок біз үшін ерекше маңызды, себебі Ресей туристік саланы стандарттау саласындағы өзінің үздік тәжірибелерімен бөлісуге дайын.

Келесі жылы ШЫҰ аясындағы стандарттау мен реттеуді жақындастыруға арналған жеке бастама дайындауды жоспарлап отырмыз. Екінші мәселе, бұл – визалық режим. Бұл мәселе министрлер кездесуінде қызу талқыға түсіп, барлық делегация басшылары көтерген тақырып. ШЫҰ елдері визалық режимді ырықтандыруды жүргізуі қажет. Біз де осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, Ұйымның барлық елдерімен визасыз режим орнатылған. Сондай-ақ, топтық визасыз сапарлар белсенді дамуда, олар 2023 жылдың 1 тамызынан бастап Қытай және Иран елдерімен сәтті жұмыс істеп тұр.

Біз барлық құжаттар туризм саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосымша жағдай жасайды деп үміттенеміз.

Қазақстан ұйымның барлық дерлік елдерімен визасыз режим орнатқан. Статистикаға сүйенсек, елімізге келетін шетелдік туристер ағынының 62 проценті Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының азаматтары. Кездесу барысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қытай, Иран және Ресейдің тиісті ведомстволарының басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Ресей спорт министрі Михаил Дегтяревпен екіжақты келіссөздер аясында екі елдің спорт ғылымын дамыту саласындағы ынтымақтастығы мәселелерін талқылады. Иран спорт министрімен Иран мен Қазақстан арасындағы спорт саласындағы әріптестікті, оның ішінде жас спортшыларды даярлауды күшейту туралы келісті. Аспан асты еліндегі әріптесі  Гао Джиданьмен ынтымақтастық және 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарына қатысу мәселелері талқыланды. Алматыда өткен ШЫҰ отырысының қорытынды құжаты туризм бойынша 2024-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қою болып табылады.

Ермек Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі:

Биылғы жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында біздің елде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін айтқым келеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - бұл елордада 100 мыңнан астам саяхатшы жинайтын ірі туристік шара. Сіздерді елордамыз Астана қаласындағы бірегей жобаның жүзеге асырылуын өз көздеріңізбен көріп, тамаша әсер алуға шақырамыз.