Қазақстан мен Чехия ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Чехия ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Чехия компаниялары Астанадағы бизнес-форум қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойды. Энергетика, көлік, машина жасау, сақтандыру және тағы да басқа салаларда бірлескен кәсіпорындар құру көзделген. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге ниетті, бұл тек өнім жеткізуге ғана емес, сондай-ақ толыққанды локализация мен технологиялар трансфертіне де қатысты. Екі ел алыс-берісті бұрыннан жолға қойған. Бұған сандар айғақ. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 700 млн доллардан асты, оның 98%-ке жуығы өнеркәсіп өнімдері. Елімізде чех капиталы қатысуымен 150-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, ал соңғы жиырма жылда чехиялық инвестициялар көлемі 350 млн доллардан асты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан проактивті инвестициялық саясатты жүзеге асыруда. Инвестициялық саясат шеңберінде Қазақстанда бизнес үшін жағдайларды жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. «Бәйтерек» холдингі ұлттық инвестициялық холдинг болып қайта құрылды. Kazakh Invest ұлттық компаниясының приоритетті нарықтарға қатысу ауқымы кеңеюде, бірыңғай қолдау орталығы ретінде Kazakhstan Investment House құру жоспарлануда.

Чех компанияларына Қазақстанның инвестициялық ахуалы тартымды - энергетика, авиация және автоөнеркәсіп салаларында ірі жобалар бар. Соңғы аталған бағытты ынтымақтастықтың көшбасшысы деуге болады. Мәселен, Škoda-мен серіктестік аясында елімізде қуаты жылына 5 мың автомобильді құрайтын толық циклді өндіріс іске қосылды. Сондай-ақ, компания жолаушылар көлігі бағытында Балтық елдері мен Өзбекстанда қолданылып жүрген электр пойыздары мен гибридтік құрамдарын ұсынған.

Роман Соркин, Škoda Group Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ бойынша сату жөніндегі вице-президенті (Чехия):

- Бұл үлкен жолаушылар ағыны бар қалаларда автоматты түрде Univers Lecibility деп аталатын кедергісіз орта жасайтын едені төмен жолаушылар пойызды. Ал екіншісі - метрополитен, себебі біз кеңестік типтегі туннельдерге арналған әлемдегі екінші көлік өндірушіміз, бұған қоса Қазақстанда трамвай қозғалысы сақталған бірнеше қала бар. Мұндай тасымал түрі жақын арада елордада да пайда болады. Нарыққа кіру шарттарының бірі - өнімді локализациялау, біз мұны қолдаймыз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?