Сенаторлар сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобаларын қарайтын болды

Сенаторлар сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобаларын қарайтын болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының мүшелері осы жылдың 11 наурызында өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті.

Депутаттар батып кеткен кемелерді жою туралы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялау мәселесін қарайды. Құжат теңіздегі апаттардың зардаптарын тиімді жоюдағы бірыңғай ережелер мен рәсімдерді белгілейді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.​

Отырыстың күн тәртібіне Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Бірлескен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да енгізілді.

​Сенаторлар отырыста бұдан бұрын парламентшілер бастамасымен әзірленген заң жобаларын да қарастырады. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және сот жүйесін жаңғырту мәселелеріне қатысты басқа да заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 1 шілдеден бастап күшіне енуіне байланысты әкімшілік әділеті жүйесінің толыққанды жұмысының қамтамасыз етілуі мен мемлекеттік органдардың қатысуымен болатын сот істерінде азаматтардың кепілдіктері мен құқықтарын ұлғайту осы жұмыстардың нәтижесі болуы тиіс.

Сонымен қатар бюро мүшелері Мәжілістен түскен бірқатар заң жобасын тұрақты комиссияларға бөліп берді.