Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер қатынастары мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды.
Еске сала кетейік, осы жылдың 25 ақпанында Мемлекет басшысы шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырған болатын. Түзетулер бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі.
Сарапшылардың айтуынша, аталған құжаттың қабылдануы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімділігін көрсетеді. Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланатын болады.