Жамбыл облысында жыл соңына дейін 19 жаңа кәсіпорын іске қосылады. Өңірдің 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба бар. 2024 жылдың алғашқы жартысында 196 млрд теңге қаржы тартылды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы Мемлекет басшысына Жамбыл облысының әкімі баяндады. Ербол Қарашөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық сектор салаларында өсім қарқыны жоғары екенін жеткізді.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
– Мемлекет басшысына Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндадым. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша өңір экономикасында оң өсім қамтамасыз етілді. 196 млрд теңгеге инвестиция тартылып, ағымдағы жылдың соңына дейін 19 жаңа өндіріс іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының басым салаларының бірі десек, салада тұрақты өсім байқалды. Өңірдің агроқұрылымдары егін жинауға кірісіп жатыр. Негізгі дақылдардың жалпы түсімі 2,1 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Есептік кезеңде құрылысы саласындағы өсім 12,3%-ды құрады. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлына өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндадым. Денсаулық сақтау саласында 26 нысанның, білім беру саласында 41 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектепті биыл пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек елді-мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру, абаттандыру туралы хабардар еттім.