АӨСШК-тің VI саммитінде қандай мәселелер қаралды?

Елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтті. Жиынға төрағалық еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәселелерге ерекше назар аударды. Осы ретте 2024 жылы Астанада кеңеске мүше елдердің экологиялық проблемаларын қаузау үшін жоғары деңгейдегі Конференция өткізу ұсынысын айтты. Президент азық-түлік қауіпсіздігіне де тоқталды. Бұл орайда кеңестің кеңістігінде жұмыс істейтін механизм қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Штаб-пәтері Астанада орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес арасындағы ынтымақтастықты жолға қою перспективті болмақ. Сонымен қатар елдеріміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, біз мұқтаж елдерді азық-түлікпен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдай алар едік.

Ал саммитке бейнеүндеу жолдаған БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш жаһандық ахуалда мемелекеттер арасындағы өзара сенімге селкеу түскенін айтты. Сондықтан шиеленістерді шешуде иық тіресе жұмыс істеу қажет дейді ол.

Антониу Гуттериш, БҰҰ бас хатшысы:

- Бейбіт және гүлденген Азия бәрімізге пайдалы. Мен серіктестігімізге, ортақ мақсаттарымызға, тұрақты дамуды ілгерілетуге, адам құқықтарын, бейбітшілік пен тұрақтылықты өркендетуге, көпжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыстарға ризамын. Заманымыздың сынақтарын бірге еңсеріп, Азия мен әлемнің жарқын болашағын қамтамасыз етейік.

Әлемдегі ең ірі 30 мегаполистің 21-і Азияда орналасқан. Дүние жүзінің Орта санаттағы тұтыну сомасы 30 триллион болса, соның басым бөлігі Азия елдерінің үлесінде. Табиғи байлықтың да түр түрі бар және қоры мол. Тек соны ұтымды қолдану керек. Осыны ескерген Президент Қасым Жомарт Тоқаев құрылымды толық халықаралық ұйым ретінде трансформациялап, институционалдық дамудың жаңа кезеңіне өтетін уақыт жеткенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қоры құрылады. Оның мақсаты – кеңестің жобаларын іріктеуге және оларды жүзеге асыруға ерікті түрде қаражат жинаудың арнайы тетіктерін қалыптастыру. Сондай-ақ бақылаушылар мен серіктестердің саны артып келеді. Түрікменстан АӨСШК-ке бақылаушы ел ретінде қосылды. Еуразиялық экономикалық одақпен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығымен ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылданды.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің географиялық ауқымы кеңейді. 1999 жылы оған небәрі 15 мемлекет мүше болса 2019 жылы 27 болған еді. Бүгін қатарына Кувейт қосылып, 28 елді біріктіретін ықпалды күшке айналды.