ТМД елдері өзара сауда және инвестициялар көлемін ұлғайтуға ниетті. Сенат осыған бағытталған заңды мақұлдады. Қазақстанның Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларуське қызметтерді сату шарттары Еуразиялық экономикалық одақ аясында реттелген. Ал Тәжікстанмен бұл бағыттағы ынтымақтастық Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде іске асып келеді. Өзбекстан аталған екі ұйымға да кірмейді. Сондықтан, құжатта оның осы нарыққа қатысуына жағдай жасауға басымдық берілген. Айта кетейік, қазақстандық өнімдер Өзбекстанда сұранысқа ие. Мәселен, былтыр өзара жалпы қызметтер саудасының көлемі 900 млн доллардан асқан. Оның жартысынан астамы отандық экспорттың үлесіне тиесілі.
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Өзбекстан келісім шеңберінде заңгерлік, салық, бухгалтерлік, сәулет, инженерлік, IT қызметтерін, туризмді және басқа да бірқатар секторларды қоса алғанда, қызметтердің 54 кіші секторын ырықтандырады. Бұл қазақстандық компаниялардың өзбек нарығына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Заңның мақсаты – Қазақстандық көрсетілетін қызметтерді экспорттаушылар үшін әріптестер нарығына қолжетімділікті, қазақстандық капидалдың қатысуымен кәсіпорындар құру үшін мүмкіндіктерді кеңейту, инвестициялар тарту және өзара инвестицияларды қорғау үшін қосымша жағдайлар жасау болып табылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

