Қазақстанда тыңайтқыш зауыты салынады. Жоба құны шамамен 1 млрд 300 млн долларды құрамақ. Олжас Бектенов уәкілетті мемлекеттік органдарға екі апта ішінде ESTA Construction компаниясымен тиісті инвестициялар туралы келісім жасауды тапсырды. Премьер-министр Түркиялық компанияның бас директоры Мұстафа Топракпен карбамид пен аммиак өндіретін жаңа кәсіпорын құрылысына қатысты мәселелерді талқылады. Жоба Маңғыстау облысында «Құрық» теңіз порты маңында ірі газ-химия өндірісін құруды көздейді. Зауыттың орны Каспий теңізі арқылы өнімді экспорттауға оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін логистикалық артықшылықтарды ескере отырып таңдалды. Өндіріс ошағы жылына 700 мың тоннаға дейін карбамид және 42 мың тонна аммиак шығарады деп күтілуде. Яғни, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын қосылған құны жоғары өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Қазір Қазақстанда тыңайтқыштар құнының 60% дейін жабатын субсидиялау бағдарламасы жұмыс істейді, 2024 жылдың наурызынан бастап аванстық субсидиялау тетігі енгізілді, соның арқасында қаражат өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін өндірушілерге алдын ала аударылады. Былтыр бұл мақсаттарға 46 жарым млрд теңге бөлінді. Биыл 35 млрд теңге қарастырылды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

