Алғашқы қазақ хандары туралы комикс елорда жастарына таныстырылды

Астанада «Керей мен Жәнібек» комиксі таныстырылды.  Туындының авторы жас қаламгер – Ілияс Юсупжанов. Автордың айтуынша белгілі тарихи тұлғалар туралы комикстер жастар арасында бұрын-соңды болмаған танымалдылыққа ие. Сондықтан жас жазушы жаңа жобаны еліміздің түрлі қалаларында таныстыруды шешкен. Оның айтуынша, комикс тарихи оқиғаларды жеңіл есте сақтауға, сонымен қатар мұндай жанр балаларды күрделі әдеби шығармаларды оқуға дайындауға тамаша мүмкіндік. Түрлі түсті суреттермен бейнеленген шығарма әзірге 4 мың данамен қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты.

Ілияс Юсупжанов, жазушы: 

- Жобаның мақсаттары туралы айтар болсақ, біріншіден – жастар арасындағы Қазақстан тарихы туралы білім деңгейлерін жақсарту. Мен өзім тарихты оқығанда туындаған қиындықтарды білемін, сондықтан өз басымнан өтті десем қателеспеймін. Екіншіден – иллюстратор мен дизайнер секілді заманауи мамандық иелеріне қолдау көрсету. Себебі, олар көбіне шетелде сұранысқа ие. Мен оларға деген сұранысты елімізде де арттырғым келеді. Келесі бір айта кететін жайт – балалар әдебиетін елімізде дамыту. Осы жаңа бағытқа серпін беру. Біздің жұмысымыздың негізгі принциптері осы.

Автор өз туындыларын жазар бұрын тарихшы-ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейді.  Комикске Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов өзінің жоғары бағасын берді.

Жақсылық Сәбитов, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры:

 -Керей мен Жәнібек хандар комиксі туралы естіп, танысуға арнайы келдім. Енді осы шығармашылық топ ары қарай да, қазақ тарихының өзге кезеңдері бойынша да жұмыстарын жалғастырсын деп тілеймін. Бәлкім, өзге түркітілдес елдердің тәжірибесін пайдалануға да болады. Ғалымдар Жошы хан туралы 400 беттік үлкен кітап жазды. Бірақ  оны қарапайым халық оқымайды. Оқи алуы да екіталай. Себебі, түсіну үшін тарихтан хабардар болуы тиіс. Сол себепті Қазақстан тарихы туралы комикстер өте маңызды. 

Сонымен қатар  Ілияс Юсупжанов алдағы уақытта Керей мен Жәнібек хандардан кейін Қазақ хандығын басқарған Бұрындық пен Қасым хандар туралы және хронология бойынша бүкіл қазақ хандары туралы шығарма жазуды жоспарлап отыр.