Қазақстан ТРАСЕКА-ға төрағалықты ресми түрде қабылдады. Астанада Үкіметаралық комиссияның 18-ші отырысы өтті. Еліміздің төрағалығының негізгі бағыттарының бірі 2036 жылға дейінгі Стратегияны әзірлеуді аяқтау шеңберінде халықаралық Еуропа - Кавказ - Азия көлік дәлізін одан әрі дамыту және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған ауқымды міндеттерді іске асыру. Сонымен қатар, дәлізді реформалаудың жаңа тұжырымдамасын қабылдау көзделіп отыр. Құжат жаһандық цифрландыру, халықаралық логистикалық тізбектердің өзгеруі, жаңа технологиялар мен көлік түрлерін енгізу, сондай-ақ транзиттік тасымал көлемінің артуы жағдайында көлік дәлізін дамытудың заманауи тәсілдерін айқындайды. Бұл Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы логистикалық хабтардың бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Бұған транзиттік бағыттарды дамыту, шекаралық рәсімдерді жеңілдету және цифрлық шешімдерді енгізу ықпал етеді. Жалпы, бұл шаралар аталған кеңістіктегі бағыттарды барынша жылдам, қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыда бәсекеге қабілетті етеді дейді сарапшылар. Еске сала кетейік, ТРАСЕКА Еуропа, Кавказ және Азия елдері арасындағы халықаралық көлік ынтымақтастығы бағдарламасы. Оған 14 мемлекет кіреді.
Мирас Қуантаев, ҚР Көлік министрлігі Көлік саясаты департаменті директорының орынбасары:
– Қазіргі уақытта көп талқыланып жатқан осы аймақтағы тасымалдауды цифралау бойынша мәселелер қатты талқылануда. ТРАСЕКА комиссиясының аясында теміржол, автомобиль көлігі тасымлдарында құжат айналымының, яғни қағаз түріндегісін емес электронды форматқа өту бойынша көп іс-шаралар жүргізді. Және де ТРАСЕКА өзі жалғыз емес оған ұқсас басқа да ұйымдармен бірлесіп, осы бағытта көптеген іс-шаралараға қатысып, өзінің үлесін қосты.

