Қазақстан мен Түркияның өзара алыс-беріс қарқыны арта түседі. Сенат осыны көздейтін тараптардың келісімін мақұлдады. Бұл құжат екі мемлекет арасында жүктерді өткізу мен қабылдау рәсімдерін оңтайландырып, транзиттік әлеуетті кеңейтуге бағытталған. Осының қамында бірлескен іс-қимыл шаралары және халықаралық тасымалдау шарттары айқындалды. Мәселен, елдерді жалғайтын теміржол желілерінде халықаралық контейнерлік блок-пойыздар үшін тиісті транзиттік қызметтерді ұсыну қарастырылған. Бүгінде тараптардың негізінен Каспий теңізінде тұрақты жол-паромдық операциялары жүзеге асырылады. Жалпы аталған келісім көлік құралдарының барлық түрлерімен жүк жеткізу көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар саны да артатын болады. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігі аса зор. Осы орайда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тауар тасымалдап, одан әрі «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол желісімен жүктерді жөнелту бойынша жұмыс жалғасын табатын болады. Келісімді орындаудың барлық мәселелерін реттеу үшін тасымалдарды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады.
Түркия–Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Алдағы уақытта өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу межеленген. Бүгінде сауда көлемі АҚШ валютасымен 6 млрд-ты құрап отыр. Оның үштен екісі қазақстандық экспорттың үлесіне тиесілі. Бауырлас елге негізінен отандық мұнай, мырыш, көмір, табиғи газ, мыс жеткізіледі. Ал Түркиядан автомобиль корпустары, қозғалтқыштар, киім-кешек пен күнбағыс тұқымдарының импорты басым. Жалпы, Түркия-Қазақстанның сауда көлемі бойынша үздік бестікке және ең ірі 10 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Бүгінге дейін экономикамызға құйған түркиялық тікелей капиталдың ағыны 5 млрд долларға жуықтаған.