Ақтау портын жаңарту, Жамбыл өңірінде цемент зауытын салу. Сингапурлық инвесторлар елімізде осы текті 15 ірі жобаға 680 млн долардан астам қаржы құюға мүдделі. Ел сенаты бұған неғұрлым қолайлы жағдай жасайтын келісімді мақұлдады. Құжат Қазақстан мен Сингапур арасында инвестициялар ағынын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, Оңтүстік-Шығыс Азия елімен алыс-беріс әлеуетін кеңейтуді көздейді. Мәселен, былтыр өзара тауар айналымы 1,8 млрд долларды құраған. Оның 94%-і отандық экспортқа тиесілі. 2023-ші жылы тараптардың қызметтер саудасының 40% жуығы да біздің үлесімізде. Бейінді министрліктің дерегінше, өткен жылдың соңына дейін ел аумағында Сингапур капиталының қатысуымен 143 заңды тұлғалар тіркелген.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Келісімді ратификациялау Сингапур республикасының нарығына отандық
қызметтер экспортының өсуіне ықпал етіп, Қазақстанға сингапурлық инвестициялар
көлемінің ұлғаюына жәрдемдесетін болады. Сондықтан, бұл құжат тәжірибе
алмасуда, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық
ынтымақтастықты дамытуда айтарлықтай серпін береді деп санаймыз.