Жошы ұлысының ұрпағы - Әбілқайырдың Қазақ хандығының іргесін қалауда тікелей қатысы бар. Бұны дәйектейтін деректер «Қазақ хандығы тарихындағы Шибандар» атты жаңа кітапта келтірілген. Елордада осындай атаумен жарық көрген ұжымдық монографияның тұсауы кесілді. Онда Жошының кіші ұлы - Шибанның қазіргі Атырау жерінде туып, Тобыл өзенінің бойында хан болып көтерілгені және көне Сығанақта жерленгені айтылады. Оның тікелей ұрпағы Әбілқайырдың Өзбек хандығының билеушісі деген пікірді де жоққа шығарады. XV-XVI ғасырлар қамтылған топтық еңбекте осы текті тарихты түгендейтін көпшілікке беймәлім мәліметтер жинақталған. Үш жыл бойы Қазақстан және шетелдік ғалымдар бірлесіп жүргізген зерттеуге ғылыми айналымға енбеген мұрағаттық құжаттар, карталар қамтылған. Кітап қазақ және орыс тілдерінде басылды.
Бүркітбай Аяған, тарихшы, ұжымдық монографияның
ғылыми жетекшісі:
- Шибани Әбілқайырдың туып өскен жері Қазақстан, тұрып-жатқан жері Қазақстан. Мына кітапты дайындаған кезде Татар, Орыс, Өзбек, Тәжік және өзіміздің мемлекет тарихы институтының бірнеше ғалымы қатысты. Содан біздің қорытындымыз айтып отырған Әбілқайыр Шибани қазақ хандығын құруға тікелей қатысы бар. Тек Әбілхайырдың балалары кезінде «Көшпелі өзбек» деп аталып кеткен Мұхамед пен Махмұт Самарқанға кетеді де Шибан тұқымы Өзбек мемлекетін құра бастайды.
Мемлекет басшысы жақында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатта ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі жалпыұлттық бірегейлікті нығайта түсуге зор септігін тигізетінін айтты. Президент ел тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін Жошы ұлысының – 800 жылдығына орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынғанын тілге тиек етті. Осы ретте биыл Қазақстан тарихының көптомдығы жарық көреді. Бұл игі іске 200-ден астам отандық, шетелден 60-қа жуық маман тартылған.