Бірқатар шетелдік компания Қазақстанның жер қойнауын зерттеуге ниетті. Олар геологиялық барлау ісіне 40 млрд
теңгеден астам инвестиция салуға әзір. Бұндай тың дерек Geoscience &
Exploration Central Asia Халықаралық геологиялық форумында айтылды. Жалпы елде 2026
жылға қарай геологиялық зерттелген аумақтың ауданын 1,5 млн-нан 2,2 млн шаршы
шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұған
қол жеткізу үшін 2022-2025 жылдар аралығында заңнамаға тұжырымдамалық түзетулер
енгізілді. Былтыр мемлекеттік есепке 17 жаңа кен орны қойылды.
Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Инвесторлар үшін бізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталы аясында интерактивті карта жұмыс істейді, бұл карта инвесторға кен табылуы ықтимал орындарды нұсқап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барша аумағындағы инвестиция салуға болатын, жүріп жатқан геологиялық барлау жұмыстарын, кен өндіру объектілерін көрсетеді. Яғни, қазір әртүрлі өкілетті органдар мен министрліктердің басқаруындағы салалар бір жүйеге біріктірілген.
Бүгінде Қазақстанда шамамен 10 мың кен орны бар. Ресурстық базаның едәуір
бөлігін сирек жер металдары құрайды. Оның ішінде церий, неодим, иттрий және
басқа да элементтердің қоры кезігеді. Жалпы жер қойнауын геологиялық зерделеуді
қаржыландыру 10 есеге ұлғайтылып, алдағы 3 жылда шамамен 500 млн долларды
құрамақ.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай порталын іске
қосылуы маңызды қадам болды. Ол көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен
қолжетімділігін қамтамасыз етті. «Бірінші келді – бірінші алды» деген әлемдік
озық тәжірибенің негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру үдерістері
айтарлықтай жеңілдетілді. Бұл соңғы үш жылда геологиялық барлауға шамамен 280
млрд теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Пайдалы қазбалардың қорлары
бойынша халықаралық есептіліктің стандарттары енгізілді.

