Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өзара саудасы мен инвестициясын арттыру, жаңа өндіріс ошақтарын құру және жұмыс істеп тұрғандарының іргесін кеңейтіп жаңғырту. Бүгін сенаторлар біріңғай экономикалық кеңістік шеңберінде бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыруға қатысты хаттаманы мақұлдады. Бұл ретте Одақ елдері бюджеттеріне демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы сомасының 10% қаржыландыру көзі ретінде қарастырылған. Бір жобаға арналған субсидияның ең жоғары көлемі жылына 1,8 млрд теңгені құрамақ.
Парламенттің жоғарғы палатасында атап өтілгендей, қаржылық демеу екінші деңгейлі банктер мен даму институттары арқылы жүзеге асырылады. Қазақстанда бұндай 15 қаржы ұйымы бар. Қолдау табатын негізгі бағыттар айқындалды. Бұл тізімге химия, металлургия және машина жасау өнеркәсіптері кіреді.
Жаннат Дүбірова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:
– Бұл ратификация Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті есебінен бірлескен жобаларды қаржыландыру қамында құқықтық негіз қалыптастыру үшін қажет. Бүгінде біз осындай кооперацияның аясында 144 жобаны жүзеге асырдық.