Беларусьте қазақстандық бес десантшы «Ерлік пен шеберлік» төсбелгісіне ие болды. Отандық әскерилер аталмыш елде жыл сайын өтетін десантшылардың халықаралық элиталық сынақтарына қатысты. Олар - атыс, медициналық, барлау, инженерлік, әуе-десанттық, топография, байланыс және басқа да жауынгерлік дайындық сынақтарында мүдірген жоқ. Тікұшақтан 600 метр биіктіктен парашютпен секіріп, суда жүзіп, 30 шақырымды толық жабдықпен жүгіріп өтті. Кәсіби шеберліктері сарапқа салынған 100-ге тарта көк бөріктінің үштен бірі ғана ақтық сынға өтті. Олардың бесеуі қазақстандық сайыпқырандар.
Марат Ағамбаев, ҚР ҚК Әуе-десанттық әскерлерінің дене шынықтыру дайындығы мен спорт бастығы:
-Қорытынды кезең біршама ауыр болды. Ақырғы сында біздің жігіттер мықты күш-жігерін
танытты. Барлық кезеңдерді демалмай, тоқтаусыз бағындырды. Ең соңында үш раунд
бойы қоян-қолтық ұрыста намысты қолдан бермеді. Десантшыларымыз жауынгерлік
дайындықтың нағыз хас шеберлері екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Жыл сайын
келіп, жетістігімізді еселеуге тырысып бағамыз.