Қазақстан Президентіне жаңа Конституцияның қорытынды жобасы ұсынылды. Қасым-Жомарт
Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира
Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші
Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық
мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Жаңа Ата Заңның
қорытынды жобасы осыған дейін өткен он екі отырыстың нәтижесінде әзірленді.
Оның мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және
e-Otinish порталдарына жолдаған бастамалары негізінде дайындалды. Сондай-ақ
жобада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қазан-қаңтар айлары аралығында
жинақтаған тәсілдер ескерілді. Эльвира Әзімова Конституциялық комиссия талқылау
қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға
шығаруды ұсынатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев комиссияның өте ауқымды әрі
маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, жаңа негізгі заң
ережелері мемлекетіміздің мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада жаңа Конституцияны қабылдау бойынша
республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.

