Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы қаралды. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі саналатын бұл құжат алдағы бес жылда болуы ықтимал сын-қатерлерге төтеп берудің негізгі тәсілдерін анықтайды. Сондай-ақ, аталған Стратегия конституциялық қағидаттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етіп, еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуына жағдай жасайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Ата заңды қабылдау арқылы мемлекет дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып, Қазақстанның Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді түрде қорғауға мүмкіндік туды. Мемлекет басшысы ұлттық мүддені қорғау міндеттерін сапалы орындаудың маңызына баса мән берді. Оның қатарына, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, азаматтарды, қоршаған ортаны және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін арттыру мәселелері кіреді. Сонымен қатар Президент экономика, білім мен технология салаларында сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайтын бағдарламаны жеделдетіп әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ отырыста қолданыстағы стратегияны жүзеге асыру қорытындысы шығарылды.

