Түркі мемлекеттерінің ұйымы өңір өсімнің жаңа тетіктерін қалыптастырып, сауда-экономикалық, көліктік және инвестициялық ынтымақтастықты дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Осы орайда, әсіресе Орта дәлізде өзара ынтымқтастық аясын арттыруда үлкен әлеует бар. Ұйым мемлекеттері мен Қара теңіздің Түркия елі арқылы өтетін халықаралық жолдың бөлігі баламалы бағыттармен салыстырғанда тасымалдау мерзімін айтарлықтай қысқартады. Яғни, Аспан асты елінен Еуропаға жүктерді жылдам және қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Кюршад Зорлу, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары:
- Қазақстан Азия өңіріндегі Орта дәліздің негізгі транзиттік торабы, ал Түркия бұл бағыттың Еуропаға апаратын жалғыз қақпасы. Сондықтан Қазақстан мен Түркия арасындағы қалыптасқан тығыз байланыстардың одан әрі нығаюына қарай Орта дәліздің әлеуеті де кеңейе түсетін болады, бұл бүкіл Еуразияның сауда-логистикалық жүйесі мен экономикасына айтарлықтай әсер етеді.
Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің тақырыбы жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға бағытталды. Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның айтуынша, бұл қатысушы елдердің тәжірибелік технологиялық интеграцияға, ортақ IT-хабтар құруға, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген ниетін айғақтайды. Айгүл Құспан Қазақстанның цифрлық технологияларды құқықтық реттеудегі тәжірибесі, атап айтқанда, қабылданған және жұмыс істеп жатқан Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс Бірлестікке қатысушы елдер үшін бағдар бола алатынын атап өтті. Бұл ретте Ұйым шеңберіндегі әріптестіктің күн тәртібі бағыттардың кең айқымын қамтиды.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Аса маңызды тақырыптардың бірі - инвестиция. Түркі елдері бір-бірінің экономикаларына инвестиция салу және өзара қаржы құю үшін қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасаудың тың тетіктерін қолға алып жатыр. Былтыр ғана Қазақстан Парламенті Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялады. Қазір инвестициялық қорда 600 млн доллар жинақталған. Бұл қаражат нақты инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

