Қазақстан мен Еуропалық одақ стратегиялық әріптестікті нығайтып келеді. Брюссельде өткен дөңгелек үстел барысында Еуропалық парламенттің үш фракциясының депутаттары, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегация мүшелері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуетін талқылады. Қатысушылар Қазақстанның экономикалық дамуын және елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыруға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, институттарды демократияландыруға бағытталған реформаларды ерекше атап өтті. Еуропалық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан таңдаған бағыт елді Еуропалық одақ үшін тартымды әрі сенімді әріптес етеді. Жалпы Қазақстанның экономикалық бағыттағы тәжірибесі тек Орталық Азия үшін ғана емес, кәрі құрлық мемлекеттері үшін де үлкен қызығушылық тудырады.
Мишель А. де Кемметер, Брюссель басқару мектебінің шақырылған профессоры:
- Бұл Еуропа үшін өте жақсы, тіпті шабыттандыратын үлгі дер едім. Бүгінде бұндай тәжірибе бізге қажет. Өйткені, Еуропа елдері бір-бірінен алшақтап барады. Бұны Қазақстан үкіметі бізге берген саяси және геосаяси белгі ретінде қарауымыз керек. Қазір тарихи сәт - жаңа геосаяси теңгерім Қазақстанға Орталық Азиядағы өз позициясын нығайтуға мол мүмкіндік береді, ал Еуропа үшін елді және біз бірге дамыта алатын үлкен әлеуетті танытады.
Жиында тараптар Орта дәлізді дамыту, Қазақстан мен кәрі құрлық арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейту, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздерді ілгерілетуге қатысты өзара көліктік байланысын жандандыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Пьер Пимпи, Еуропалық парламенттің депутаты:
- Қазақстанда болып жатқан барлық реформаларды мұқият қадағалап отырмын.
Менің ойымша, елдің рөлі артып келеді. Бұл ретте, Ресей мен Қытай арасындағы
географиялық орналасуын атап өту керек. Елдің жер қойнауы аса маңызды сирек кездесетін
минералдарға бай. Қазақстан, Франция және Еуроодақ арасындағы сауда көлемін
арттыру қажет деп санаймын. Осы жағын талқылау үшін жиынға қатысуды жөн
көрдім.

