Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған
Қазақстанның орта білім беруіне жасанды интеллект енгізу туралы шешіне
халықаралық сарапшылар мен ІТ-мамандар қолдау танытып отыр. Олар бұл қадамды
болашақ экономикасына көшу үшін стратегиялық қадам ретінде бағалайды. Бостон
университетінің профессоры Эрик Гордон AI интеграциясы білім беру моделін
өзгертуге, оқушылардың сандық дағдыларын дамытуға бағытталғанын атап өтті -
осылайша, оқытудағы тәсіл ақпаратты есте сақтаудан оны басқару қабілетіне қарай
өзгереді. Сонымен қатар, сарапшы бұл бағыттағы жетістіктің тек технологияға
ғана байланысты емес екенін, негізгі рөл кешенді жұмысқа - мұғалімдерді
даярлауға, мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ АІ
пайдаланудың қауіпсіз ережелері мен стандарттарын әзірлеуге бағытталатынын атап
өтті.
Эрик Гордон, Бостон университетінің профессоры:
– Бұл АІ саласындағы
жаһандық жарыстың бір түрі, онда әрбір ел бәсекелестік басымдыққа ие болуға
ұмтылады, бұл кез келген жаңа технология үшін табиғи әрекет. Білім беру
саласына AI енгізу технологиялық прогресс пен қауіпсіздік шаралары арасындағы
теңгерімді талап етеді. Бұл дегеніңіз белгілі бір қорғаныс тетіктерінің
қажеттілігі бар екенін білдіреді. Егер АІ тиісті бақылаусыз қалса, ол жас
буынның оқу процесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан орнықты нәтижеге
қол жеткізу үшін екі процесті қатар дамыту қажет.
Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері және Гугл
компаниясының зерттеу жөніндегі директоры Питер Норвиг мектептерде АІ пайдалану
әр пәнді қызықты әрі икемді ететінін, сондай-ақ оқушыларға практикалық
дағдыларды көбірек меңгеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Осылайша, олар өз
бетінше жаңаны зерттеп, толыққанды ғылыми эксперименттер жүргізе алады. Бұған
қоса, сандық шешімдер, сапалы әдістеме және педагогтардың белсенділігінің артуы
– қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жеңудің кілті болмақ.
Питер Норвиг, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google зерттеу жөніндегі директоры:
- Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын. Қазақстан
Президенті өршіл бастамаларды нақты іске асыратын көреген басшы. Бұдан былай
оқушылар қарапайым үй тапсырмасы немесе эссе жазудың орнына толыққанды ғылыми
талдаулар жүргізіп, бұрынғыдан да әлдеқайда ауқымды жобаларды жүзеге асыра
алады. Сонымен қатар мектептің оқу
жүйесіндегі пәндер арасында байланыс жоқтығы белгілі. Енді АІ олардың арасында
байланыс орнатуға және оқытуды икемді етуге көмектесуі мүмкін. Нәтижесiнде әрбiр
оқушы бiрдей тапсырмаларды орындауының орнына шын мәнiнде өзiне қызықты
нәрселермен айналысуға мүмкіндік алады.

