Қазақстанда жасанды интеллект ұлттық платформасы құрылады. Нейрондық жүйелердің негізінде елімізде жыл сайын экономиканың негізгі салаларында 25 жаңа өнім енгізу жоспарланған. Бұған қажетті инфрақұрылымды дамыту үшін Қазақстанда суперкомпьютерді орналастыру, сондай-ақ жасанды ақыл-ой бағытында 500 мың маман даярлау көзделіп отыр. Ал жасанды интеллект мамандарын даярлайтын елдегі жоғары оқу орындарының үлесін 60% жеткізу межеленген. Бұл жөнінде Үкімет отырысында мәлім болды.
Жиында елімізде жасанды интеллектті дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта салаға серпін беру қамында ел экономиканың басым бағыттары айқындалған. Ол үшін 2029 жылға дейін бейінді ведомстволардың алдына бірқатар нақты міндет қойылған.
Атап айтқанда, тиісті инфрақұрылым құру, деректерді өңдеудің жаңа орталықтарын салу және тиісті заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Жалпы, Қазақстанда ақпараттандыру саласындағы негізгі нормативтік іргетас қаланды. Алайда, жасанды интеллектке қатысты заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмысты күшейту қажет. Сондықтан Әділет министрлігіне тиісті түзетулерді Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында барынша қысқа мерзімде қарауды тапсырамын.
Қазақстанда 4 газ өңдеу зауыты салынады
Қазақстанда 4 бірдей газ өңдеу зауыты салынады. Жаңа өндіріс ошақтарын 2026-2030 жылдар аралығында кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланған. Бұл жөнінде Энергетика министрі мәлімдеді. Алмасадам Сәтқалиев Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 және 2,5 млрд текше метр Қарашығанақта жылдық қуаты 4 млрд текше метр, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында жылына 900 млн текше метр газ өңдеуге қауқарлы зауыттар бой түзейтінін жеткізді. Басым бағыттың бірі елді көгілдір отынмен қамту.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 60% немесе шамамен 12 млн адам газға қол жеткізді. Ағымдағы жылы газдандыруды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Үкіметтің іс-қимыл жоспары аясында қосымша 105,4 млрд теңге бөлінді, бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1700 км астам газ желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді.