Қазақстан жасанды интеллектінің негізінде мектеп білімінің жүйесін жаңа үлгіге көшіру қарсаңында тұр. Мемлекет басшысы жақында тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Еліміз білім беру реформаларын жаһандық трендтермен үйлестіреді. Оқу үрдісіне жасанды интеллектіні енгізген мемлекеттер аз емес. Бүгінде Сингапур, Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония АІ шешімдерін орта білім беру жүйесінде кеңінен қолданады. Бұл мұғалімнің жүктемесін азайтады. Мәселен, Күншығыс елі GIGA Education School жүйесін қолға алды. Онда әрбір оқушы жеке планшетпен немесе ноутбукпен қамтамасыз етілген. Заманауи технологияларды шәкірттер тек оқу үшін ғана емес, зияткерлік жүйелермен жабдықталған интерактивті жұмыс дәптері ретінде пайдаланады. Нейрожүйе оқушының жауаптарын талдайды. Бала бір тақырыпты бірнеше рет қайталап оқыса, қиындық туындағанын анықтап, қосымша материалдар ұсынады. Алайда, тоқсандық немесе қорытынды емтихан кезінде АІ көмегіне жүгінуге тыйым салынған. Бастауыш сыныптарда балаларға тек жасанды интеллект негіздерімен танысуға ғана рұқсат етіледі, ал оны құрал ретінде орта буыннан бастап қолданады. Қазақстан да осы бағытты таңдады. Бұл ретте жасанды интеллектті оқыту процесіне дұрыс енгізу қажет. Ал ол үшін екі негізгі бағыт бар, - дейді сарапшы.
Серик Мейірманов, Ritsumeikan Asia Pacific University вице-президенті /Жапония/:
- Бірінші бағыт – жасанды интеллект оқушының тьюторы, яғни оқу үрдісінде бағыт-бағдар беретін жеке тәлімгер қызметін атқарады. Оның үлгерімі, дайындық деңгейі арқылы бақыланады. Екінші бағыт – АІ оқытушының көмекшісі. Яғни, мұғалімнің жұмыс жүктемесі азаяды. Тиісінше, ұстаз кемі 30-50% дейін босаған жұмыс уақыттын балалардың тәрбиесіне арнай алады. Бұл шәкіртке де, тәлім берушіге де бірдей тиімді жүйе. Сондықтан осы бағытты дамыту керек.

