«Қыпшақ Қоңыр» кітабы жарық көрді

Тегі қыпшақ, танымал түркітанушы Қоңыр Иштван Мандокиге арналған  кітап оқырманға жол тартты. Қазақстандық ақын, жазушы Маржан Ершу «Қыпшақ Қоңыр» атты еңбегін тоғыз жыл бойы жазғанын айтады. Туынды мажарлық ғалымның тағлымды өмірі мен мол мұрасын қамтыған. Қазақ пен мадияр үшін ортақ тарихи тұлға түркі халықтарын біріктіру қамында саналы ғұмырын ғылым және руханият жолына сарп еткен. Ортақ тарих пен әдебиет, мәдениет, ұрпақтар сабақтастығының көпіріне айналған қайраткер. Иштван Мандокиді қазақ жерімен тек шығармашылық жолы байланыстырмайды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары ол елімізге келіп ғылыми жұмыспен айналысқан. Қазақ елінің тумасы Оңайша Мақсымқызымен отбасын құрды. Өмірден озғанда өз өсиеті бойынша бабаларының түп тамырында, Қазақстанда жерленді.


Маржан Ершу, ақын, жазушы:


- Қазақтың ауыз әдебиетінен бастап, Абайды бүгінгі жазушылар Әбіш Кекілбаевқа дейін мажар тіліне аударып кітап шығарған. Аударма саласы бойынша еңбектері көп. Сонымен қатар түркологияға қатысты еңбектері өте көп. Сондай-ақ, Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов және Расул Ғамзатов жалпы түркі халқының, жұртының, зиялыларымен достық қарым-қатынаста болған.

 

Авторы Жеңіс Ермұқанов