Қазақстан жасанды интеллекттің кешенді стратегиясын
әзірлеген алғашқы елдердің бірі. Бұл қарқынды дамып келе жатқан технологиялар
заманында дер кезінде қолға алынған тәсіл. Арнамызға сұхбат беру барысында Салық
салу және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталығының президенті Дэниел Уитт осылай
деді. Сарапшының пікірінше, егер мемлекеттік деңгейде цифрлық инновацияларды
дамыту үшін жағдай жасалмаса, олар көлеңкеге кетуі мүмкін. Оның айтуынша,
біздің еліміз бұл мақсатты табысты орындады. Қазақстанда цифрлық экономика және
дәстүрлі экономика қатар дамытылуда.
Дэниел Уитт, Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталығының президенті:
– Ел жаңа технологияларға ашық. Осы орайда озық шешімдер
кезең-кезеңімен әрі дәйекті түрде енгізілуде. Бұл үшін қажетті құқықтық,
реттеуші және салықтық базалар құрылуда. Мұндай тың тәсіл нәтижесіз болмайтыны
анық. Қазір көптеген мемлекеттер жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін
пайдаланудың орнына оларды шектеуге немесе тыйым салуға ұмтылады. Осыдан бір
жыл бұрын, Астана халықаралық форумы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен
Үкімет жасанды интеллекті дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеу туралы айтқан
болатын. Бұл аса маңызды әрі ұтымды шешім.
Сондай-ақ, америкалық сарапшы Қазақстанның Транскаспий халықаралық
көлік бағдарындағы маңызды рөлі туралы
пікірімен де бөлісті. Дэниел Уитттің айтуынша, Орта дәліз Азия мен Еуропа
арасындағы тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ететін жаһандық көлік хабына
айналып, көптеген мемлекеттердің назарын аударып келеді. Бұл тың үрдіске
Қазақстан мен Әзірбайжанның тиісті инфрақұрылымды дамытуы да ықпал етуде.
Дэниел Уитт, Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталығының президенті:
– Каспий өңірі жаһандық логистикалық хабқа айналып келеді. Біз мұнда сауда ағынының артқанын көріп отырмыз. Бұл тек жүк көлігі және темір жол арқылы тасымалдардан байқалмайды. Әңгіме белсенді дамып келе жатқан сандық және нақты инфрақұрылымдар туралы болып отыр. Бұл ретте су асты талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысын айтуға болады. Елдер мұнымен тоқтамайды. Қазақстанның жұмсақ инфрақұрылымды да жақсы дамыта алады. Кедендік үрдістерді цифрландыруға және интернет-сауданы декларациялауға баса назар аударылуда.

