Қазақстанда шағын бизнесті қолдауға бағытталған бірыңғай бағдарлама іске қосылады

Қазақстанда шағын бизнесті қолдауға бағытталған бірыңғай бағдарлама іске қосылады

Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға арналған жаңа «Іскер аймақ» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылады. Ел Үкіметі бекіткен бастама моно және шағын қалаларда, сондай-ақ ауылды жерлерде шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған. Ол әлеуметтік-экономикалық әсері бар технологиялық тұрғыдан қарапайым әрі жылдам іске асырылатын жобаларды кең қолданысқа енгізуді көздейді. Оның аясында ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, азық-түлік, ағаш пен жиһаз және құрылыс өндірістерін ашуға басымдық берімек.  Бағдарлама бойынша несиелендірудің жалпы көлемі жылына шамамен 400 млрд теңгені құрайды. 2026 жылы жалпы 5 мыңнан астам тың жобаны қамту жоспарланған. Бар үрдіс сандық үлгіде жүргізіледі. Өтінімдер egov.business және Damu Online порталдары арқылы қабылданады. «Іскер аймақ» бағдарламасын жүзеге асыру 2028 жылға дейін 23 мыңға жуық шағын бизнес жобаларын қолдауға және өңірлерде кәсіпкерлік орта құруға мүмкіндік береді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:


- Қазіргі уақытта ауыл кәсіпкерлігін, оның ішінде жергілікті ресурстарға бағдарланған қайта өңдеуді, қолөнер мен шағын өндірістерді дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты», «Бір ауыл - бір өнім» сияқты бағдарламалар іске асырылуда. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жобаларын қоса алғанда, аталған бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын жобалар «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қосымша қолдау ала алады және субсидиялар, инфрақұрылымдық және қаржылық емес мемлекеттік қолдау алу үшін жүгінген кезде басым тәртіппен қаралатын болады.


Қазақстанда ШОБ үшін салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі

Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы аясында елімізде шағын және микро бизнес үшін салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі. Жаңа тәсілдер Салық кодексінің жобасына енгізілген. Олар әкімшілік жүктемені азайтуға және кәсіпкерлермен жұмыстың сервистік моделіне көшуге бағытталған. Үкіметте басты назар цифрландыруға, есептілікті қысқартуға және бизнесті артық тексеруден қорғауға аударылатыны атап өтілді. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2 млн 200 мыңнан астам шағын бизнес нысаны жұмыс істейді, оларда 4 млн адам еңбек етеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Фискалдық органдар салық төлеушілер үшін серіктеске айналуы қажет. Біз бәріміз бірге бизнес үшін салық төлеуден жалтарғаннан гөрі, таза жұмыс істеп, оны төлеу тиімді болатындай жағдай жасаймыз. Бұл бағытта кешенді әрі үйлесімді жұмыс жүргізілуге тиіс. Біз әрі қарай да цифрлық платформаларды дамытып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеміз, инклюзивтілікті қолдап, орнықты өсу үшін шағын бизнесті қажетті құралдармен қамтамасыз етеміз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?