Қазақстандық экспорттың әлеуеті

Қазақстан сыртқы сауданың көкжиегін кеңейтуде. Еліміз экспорттық әлеуетін 2 млрд долларға дейін артыруға ниетті. Бұл мүмкіндікті нақты іске асыру үшін бүгінде Индонезия, Монғолия және Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда алаңдарын құру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жақында еліміз Иран және Сингапурмен дәл осындай келісімдерге қол жеткізгенін айта кету керек. Өзгелермен алыс-беріске қатысты тың деректер салалық министрліктің өткен жартыжылдық жұмысының есебінде келтірілді. Жыл басынан Қазақстанның шет елдермен тауарайналымы 55 млрд доллардан асты. Бұл былтырдың сәйкес кезеңінен 2% шамасында жоғары. Негізгі сауда серіктестер көшін Қытай, Ресей және Еуропалық Одақ бастап келеді. Сыртқы нарықтарға отандық дайын өнімдер тасымалдап, қызметтер ұсынуға басымдық берілуде.

Әлия Абдрахманова, ҚР Cауда және интеграция министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 13 млрд доллардан асты. Оның ішінде 10,5 млрды шетелге дайын өнімді шетелге жеткізу. Экспорттың өсуіне халықаралық нарықтар тарапынан түсті металдар мен күнбағыс майына деген жоғары сұранысы әсер етті. Соңғы жылдары қазақстандық қызмет көрсету секторы да экспортқа оң әсерін беріп отыр. Министрлік жаңа өткізу нарықтары пайда болуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мен отандық өндірушілермен ынтымақтастық аясын күшейту үшін белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда.

Қазақстанда жасалған өнімдерді жаһанға таныту үшін тек биылдың өзінде 5 бірдей сыртқы сауда миссиялары ұйымдастырылып, оларда шамамен 150 млн долардың жаңа келісімдері жасалды. Әріптес мемлекеттерде Қазақстанның сауда үйлері мен бірлескен орталықтар құрылуда. Отандық жеткізушілерді қолдаудың жаңа тетіктері ендіріліп жатыр.

Әлия Абдрахманова, ҚР Cауда және интеграция министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Осы жылдың 20 қаңтарында экспорттық-кредиттік заң қабылданды. Ол сақтандыру және қаржылық қолдау шараларынның кең спектрін іске асыруға бағытталған. Тек осы бірінші жартыжылдықтың өзінде экспорттық-кредиттік агенттік біздің 30 экспорттаушыға қолдау көрсетті. Ал «QazTrade» ұлттық операторы болса, биыл өткізу нарығын кеңейтуге мүдделі компанияларды іріктеді. Нәтижесінде 120 отандық өндіруші Қытай, Германия, Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан және Қырғызстан нарықтарына шығуға дайын.

Қазақстанның электронды саудасының да шекарасы кеңейді. Осы жылы 70 отандық компания өнімдері Alibaba халықаралық сауда алаңына шығарылмақ. Бүгінге дейін бұл жаһандық тұғырнама арқылы 300-ге жуық кәсіпорын 346 млн долар табыс көрген. Бұдан басқа, Қазақстандағы қоймаларда Орталық Азия мемлекеттерінен аспан асты еліне және кері бағытта өтетін электронды сауда тауарларын орналастыру жағы пысықталған. Жалпы биыл 6 айда елде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу 1,5 трлн теңгеге жеткен.