Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымының әлеуетін 10 млрд долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымының әлеуетін 10 млрд долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың жартысына жуығы тиесілі. Тараптар қазір түрлі бағыттарда ынтымақтастық аясын кеңейтіп келеді. Тек сауда-экономикалық қана емес, инвестициялық және су-энергетикалық бағыттар қарқын алуда. Сондай-ақ, қос ел көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру салаларындағы іс-қимылды белсенді түрде дамытып жатыр. Мұны соңғы статистикалық мәліметтер айғақтайды.

Мәселен, былтырдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналым 4 жарым млрд долларды құраған. Биылдың 4 айында да алыс-беріс жағы бәсеңдемей АҚШ валютасында 1,2 млрдтан асқан. Жалпы кейінгі 5 жылда өзара сауда-саттық 30% жуық өскен.

Ал өнеркәсіптік кооперация жөнінде айтсақ, жалпы құны 3 млрд доллардан асатын бірлескен 69 жоба қолға алынған. Бүгінде 217 млн теңгеге бағаланған 12 жоба іске қосылды. Қазіргі уақытта 178 млн доллардың 3 инвестициялық жобасы іске асырылуда.

Сонымен қатар, елдер машина жасау саласындағы әріптестікті кеңейтуге және жаңа бірлескен өнеркәсіптік өндірістер құруға мүдделік танытуда. Ал Қазақстан мен Өзбекстан Мемлекет басшыларының екі ел үкіметі алдына қойған басты мақсаты – сауда көлемін 10 млрд долларға жеткізу. Әлеует бар. Ол үшін екіжақты ынтымақтастық туралы жақында қол қойылған арнайы құжат аясында нақты шаралар қолға алынбақ.