Қазақстан мен Қытайдың
компаниялары Үрімжідегі өңіраралық форумда құны 629 млн доллар болатын 17
келісімге қол қойды. Олардың ішінде 10 кіші станция мен электр өткізу желілерінде
құрылыс пен жаңарту бойынша құжаттар мен құрғақ түйе сүті мен күнбағыс майын
тасымалдауға келісім-шарт бар. Ірі диалог алаңына еліміздің 17 облысынан келген
іскер топтар, кәсіпкерлер және аспан асты елінің
өкілдерін жинағанын атап өткен жөн. Қатысушылар сауда-экономикалық, көлік,
инвестициялық және мәдени-гуманитарлық әріптестік мәселелерін талқылады.
Форумда сөз сөйлеген вице-премьер Серік Жұманғарин, Қытайдың Қазақстанға
инвестиция салу көлемі бойынша 4-ші орында тұрғанын айтты.
Серік Жұманғарин, ҚР вице-премьері:
- Қазіргі уақытта
Қазақстан мен Қытай арасында тұрақты өңіраралық ынтымақтастық үшін барлық
жағдай жасалған. Екі ел қалалары арасында 43 жолаушылар рейсі іске қосылған
және жақын арада олардың географиясын қытайдың басқа қалаларына кеңейтуді
жоспарлап отырмыз. Бүгін біз Қытаймен бірге жаңа транзиттік-транспорттық
маршруттарды және транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамытуда белсенді
ынтымақтастық жасаудамыз.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция
вице-министрі:
– Қытай Қазақстанда белсенді
инвесторлар қатарында. Үздік бестікке де кіреді. Бүгінде Қазақстанда Қытай
капиталы бар 2 мың 700 компания және 600 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, ірі қытайлық кәсіпорындар да Қазақстан нарығында белсенді жұмыс
істейтінін айта кеткен жөн. Осы тізімде біз одан да көп қытайлық компанияларды
көргіміз келеді. Орта және кіші бизнеске де есігіміз ашық.
Одан бөлек, Үрімжіде халықаралық
«ЭКСПО Қытай-Еуразия» көрмесі есігін айқара ашты. Онда 50 ел мен Қытайдың 30 провинциясы,
автономды аудандар мен муниципалитеттерден 1900 компания мен ұйым қатысып
жатыр. Кәсіби бренд-көрмеде қонақтарға берген орындар ішінде қазақстандық
павильон ең ірі атанды. 200 шаршы метр алаңда отандық компаниялар негізінен
азық-түлік өнімдері басым экспорттық тауарларын таныстырды.