Тараз қаласында Республика күніне орай «Ақ отау» қолөнершілер этнофестивалі өтті. Жүн, тері, киіз, ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарын 50-ге жуық шебер көпшілік назарына ұсынды. Әрбір туындыда ұлттық нақыштағы ерекшелік көрініс тауып, автордың дара техникасын ерекше көрініп тұрады. Облыс орталығында 70-тен астам қолөнер шебері болса, олардың басым бөлігі киізден бұйымдар жасаумен айналысатынын айта кеткен жөн.
Туғанай Жолақова, қолөнерші:
Келешектегі жастарға үйретіп тастап кету үшін, осындай үлкен көрмелер өткізсек оның деңгейі жоғары болады. Осыған көптеген гранттар бөлінсе екен деймін. Қазақ өнері, қолөнер ұмыт болса, біздің кім екеніміз ұмыт болады. Сондықтан осыны жаңғыртуымыз керек.
Эльмира Мырзағали, «Анаға тағзым» орталығының директоры:
Біздің орталығымызға білесіздер көпбалалы аналар, әйелдер қыздар келеді. Жаз бойы біздің ата дәстүрімізді бүгінгі заманмен қиыстыра отырып, осы шеберлер керемет шеберлік сыныптарын өткізген болатын. 6 жасар баладан 90-ға дейінгі әжелеріміз осы жерге келіп, әлеуметтік дағдыларын дамытып, рухани тұрғыдан да дамып жатыр.