Астанада танымал қазақстандық және австриялық суретшілердің бірлескен көрмесі ашылды

Астанада танымал қазақстандық және австриялық суретшілердің бірлескен көрмесі ашылды

Өнер үшін шектеу жоқ. Бұған елордада қанат жайған танымал қазақстандық және австриялық суретшілердің «Біз біргеміз» атты бірлескен көрмесі дәлел. Онда қылқалам шеберлері Ақжан Әли және Джеральд Флориан Мессенрдің бірегей туындылары тоғысты. Қос суретшіні ортақ  техника біріктіреді. Мұнда қойылған 50-ге тарта картинаның дені абстрактлі экспрессионизм мәнерінде орындалған. Ақжан Әли суретшілер әлемін бірер жыл бұрын ғана ашқан. Бірқатар жеке көрмесін өткізіп, халықаралық шараларға үн қосып үлгерді. Осы ерекше өнерімен танылған дарын иесі Қазақстанның көркем академиясының корреспондент-мүшесі және Астана қаласның суретшілер одағының құрметті мүшесі атанып отыр.

Ақжан Әли, суретші, Қазақстан:

- Дриплинг техникасы - ол бояуларды бүрку арқылы сурет салу. Мен осылайша, ішкі жан дүниемді сыртқа шығарып, өз ойларымды көпшілікке жеткіземін. Туындыларымның барлығы 2023-ші жылдан бері жасалған. Мен өз жұмыстарыммен әлемдік деңгейге шығуды қалаймын. Яғни, шеберлігімді дамытып, қазақстандық ретінде отандық бейнелеу өнерін кеңге насихаттағым келеді.

Шетелдік әріптесі Джеральд Флориан бейнелеу өнерімен, ғылым, жазушылық пен музыканы бірге алып жүрген майталман. Сегіз қырлы бір сырлы Австрия елі тумасының тың шығармаларымен әлемнің өнерсүйер қауымына жақсы таныс. Соңғы жұмыстары Қазақстанда жасалған. Ол еліміздің тұмса табиғатымен жарасқан бүгінгі әсем келбеті шабытын оятқанын айтады.

Джеральд Флориан Месснер, суретші, Австрия:

- Мен Қазақстанды қатты жақсы көремін. Сондықтан, қазақ елінің нышандарын бейнелегенді ұнатамын. Мәдени сабақтастықты дамыту маңызды. Себебі, біз, бір жанұя сяқты бір-бірімізбен байланысымыз бар. Бұндай шаралар біздің осы істе жалғыз еместігімізді танытады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Австрия суретшілерінің жобасы «Мәдени үнқатысу» көрмелер сериясын ашты. Президенттік орталықта ұсынылған вернисаж Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?