«Silk Way Star» халықаралық байқауының жеңімпазы Мишель Джозефты Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх марапаттады. Жас әнші өз елінің ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі «Алтын темірқазық» орденінің иегері атанды. Мишель өз елінде ерекше шығармашылығымен танымал. Ол моңғол халық әндерін поп, R&B және фанк элементтерімен шебер үйлестіреді. Бұл марапат - әншінің Моңғолия мәдениеті мен өнеріне қосқан зор үлесінің айқын бейнесі болып отыр. Айта кетейік, жоғары марапат Моңғолияның Ұлттық бостандық пен тәуелсіздікті қалпына келтіру күнінің 114 жылдығына орай табысталды.
Мишель Джозеф, Silk Way Star жеңімпазы, Моңғолия:
- Президент орденді тапсыра отырып: «Алтан гадас жұлдызындай жарқыра»-деді. Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше сезім. Халықаралық сахнада менің атымнан гөрі, елімнің аты аталғанына қуаныштымын. Бұл марапат мені одан әрі шабыттандырып, жаңа биіктерді бағындыруға жетелейді.
3 айға созылған «Silk Way Star» халықаралық ән байқауы 12 елдің
өнерпаздарын бір саханада тоғыстырды. Жобаға Қытай, Грузия, Қырғызстан,
Малайзия , Армения сияқты елдердің
өнерпаздары қатысты. Ал гранд-финалға небәрі 7 әнші жолдама алып, моңғолиялық
Мишель Джозеф ең жоғары ұпаймен топ жарды. Байқаудың барлық он эпизоды біздің
арнадан көрсетілді. Гранд финалды тек қазақстандық көрермен ғана емес,
сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және өзге де елдердегі жанкүйерлер
тікелей эфирден тамашалады. Мегажоба әлемнің түкпір-түкпірінен бас аяғы 120 млн
көрерменді қамтыды.

