Мемлекеттік академиялық би театры астанада Шекспирдің мәңгілік трагедиясын ұсынды. «Кармен-сюита» және «Ромео мен Джульетта» бір актілі спектакльдерін алматылық әртістер «Астана балет» театрында қойды. Бұл қойылымдар - қазақ балетінің аңызы Болат Аюхановтың сахналық үлгісі. Отандық хореограф араздықта күй кешкен Монтекки мен Капулетти әулетінен шыққан қос ғашықтардың қайғылы махаббаты туралы спектакльді жаңашыл көзқараспен ұсынған. Балеттің ұзақтығы небәрі 20 минут. Бірақ осыған қарамастан шығарма түпнұсқасының бүкіл эмоциялық күшін сақтап қалған. Қойылымда көрермендер жаңа «Түн ханшаймы» кейіпкерімен танысады. Оның образы жас ғашықтардың трагедияға толы тағдырын болжайды. Бірегей спектакль композитор Петр Чайковскийдің тартымды әуенімен сүйемелденеді.
Гульфида Гафурова, ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының көркемдік жетекшісі:
- Білесіздер ме, «Ромео мен Джульетта» біздің репертуарымыздағы басқа да спектакльдер секілді ұлы шығармалардың бірі. Ұлы әдебиет туындысы. Мұндағы махаббат, жек көру, араздық тақырыптары өлмейтін, баршаға таныс сезім. Петр Чайковскийдің әуенімен әрленген керемет спектакль. Сол себепті таңдауымыз осы балетке түсті деп ойлаймын. Қойылымды сахналағанда видеопроекция да шебер қолданылады.
Сымбат Мақсұт, ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының солисі:
- Біздің балетте «Түн ханшайымы» атты кейіпкер бар. Ол - осы трагедияны болжаушы. Оның образы қойылым бойы Ромео мен Джульеттаның соңынан қалмайды. Шығарманың түпнұсқасында мұндай кейіпкер жоқ. Бірақ осы арқылы автор жарты сағаттық спектакльде олардың ізінде өлім жүргенін, тағдырларының бақытсыз болатындығын меңзейді.

