Қазақстандық хореографтар жапондық балетшілерге шеберлік сабақтарын өткізуде

Кербез биі мен ұлттық нақышқа қанық отандық балет мектебі халықаралық деңгейде танылып келеді. Қазақстандық әртістердің хореографиялық білімін Еуропа мен Азия елдерінде жоғары бағалайды. Сарапшылар классикалық дәстүрлер мен заманауи би мәнерінің жаңа бағыттары үйлесетінін ерекше атап өтуде. Осыны алға тартқан жапондық балет мектебі жергілікті педагогтардан  хореографияның қыр-сырын үйренуге елімізге осымен екінші жыл қатарынан келіп отыр. Тәлімгерлер мен тәлімалушыларға арналған шеберлік сыныптары тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ең үлкен мамандандырылған  ұлттық хореография академиясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады.  Бұл шеберлік сабақтарында күншығыс елінің оқушылары классикалық және халық билерін үйренеді. 

Бибігүл Нүсіпжанова, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры: 

– Біз халықаралық мектептермен ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Себебі бұл – біздің академияның ғана емес, сонымен қатар ең алдымен еліміздің беделі. Бізде шынымен  мақтан етерлік дүниелер көп. Оны көпшілікке көрсеткіміз келеді. Ең бастысы, бізде мықты кәсіби балет мектебі қалыптасқан. Біз Жапония елімен 2018 жылдан бері тығыз жұмыс жасап келеміз. Әсіресе,  Күншығыс еліндегі «Софиа» мектебін атап өту керек. Йошико Такаги мектебі бізге  екінші жыл қатарынан   келіп отыр. 

Есиэ Нарисава, YOSHIKO TAKAGI BALLET SCHOOL директоры, Жапония:

– Біз классикалық бидің тазалығын үйрену үшін келдік. Маған Қазақстан мен елдің Астанасы қатты ұнайды. Мұндағы педагогтардың біліктілігі өте жоғары. Сондықтан жапондық бишілердің осы академияда шеберліктерін шыңдағанын қалаймыз.  

Юри Мунечика, YOSHIKO TAKAGI BALLET SCHOOL оқушысы, Жапония:

– Бізге Қазақстанда бидің қыр-сырын меңгерген ұнайды. Мұнда бізді бидің дәстүрлі классикалық мәнерінің негізіне үйретеді. Жапонияда студиялар мен сахналар шағын ғана. Қазақстанда бәрі кең, еркін көсіле аласың.