Президент Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті

Президент Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті

Мемлекет басшысы Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті. Президент елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін, сол арқылы Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті. Еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Президент аз уақыт ішінде әскери қызметшілерді түрлі дағдыларға бейімдеп, оларды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс атқарылғанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл әскеріміздің аса күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді. Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жасадыңыздар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды. Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет.

Мемлекетіміз алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілді. Еліміз болашақта ұйым аясындағы басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отыр. Осылайша, Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға атсалыса бермек. Кездесуде Президент әскери борышын үлгілі атқарғаны, Голан жоталарындағы бітімгерлік миссияны жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?