Былтыр отандық туризм саласынан ел қазынасына 450 млрд теңге салық түсті.
Бұл рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы елге шетелдік саяхатшылар ағыны да артқаны
байқалады. Шамамен республикаға 9 млн астам жиһанкез сапарлаған. Бұл 2022 жылдан
екі есе көп. Сонымен қатар отандастардың
бұрынғыдай шартарапты кезіп, сырт асып кетуі саябырсыған. 2023 жылы 9,5 млн
астам қазақстандық атамекеннің әр бұрышын шарлап, туған жердің көркін
қызықтаған. Үкіметте ведомство басшысы Ермек Маржықпаев саланың дамуы мен қолға
алынған ірі инфроқұрылымдық жобалар әлеуеті жайында баяндады.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
-Өткен жылдың қорытындысы бойынша 131 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды. 2023 жылы Маңғыстау облысының «Жылы жағажайына» инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жобалар аяқталды. Биыл Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш әуежай терминалының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл жолаушылар ағынын едәуір арттырып, туристік дестинациялардың қолжетімділігіне оң әсер етеді.
Сонымен қатар бүгінде Қазақстан 108 бағыт бойынша 29 елге рейстер
орындайтынын да министр еске салды. Бұдан бөлек 82 елдің азаматтары
республикаға визасыз келе алады. Сондай-ақ шетелдіктердің елімізде ұзақ мерзімде
болу және келу тәртібін жеңілдету үшін Neo Nomad визасын енгізу жоспарлануда.
Осының арқасында жыл сайын экономикаға ұлттық валютада 3 млрд-тан астан түсім
түсуі мүмкін. Сондай-ақ ведомство алдағы жазғы маусымда туристер үшін
қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Осылайша, Қазақстанда
саяхатшылар үшін арнайы SOS батырма пайда болады. Отандық әзірлеме интернет
желісі таралмаған аймақтарда да жұмыс істейді.