Қазақстандық оқушылардың жазғы демалыстан соң жаңа оқу жылын бастап, білгендеріне білім қосу үшін санаулы күндер қалды. Сондықтан, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ошақтарына барды. №103 мектепте Мемлекет басшысы заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап көрді.
Президентке оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау жаңа мектептердің басты ерекшелігі екені айтылды. Білім ордасының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Осының қамында бейнебақылау жүйесі орнатылды. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдай жасалған.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев №101 мектептің жұмысымен танысты. Аталған білім ордасында екі ауысымда 4 мың оқушы оқитын болады.
Мемлекет басшысы ондағы оқу және шығармашылық кабинеттерін, сондай-ақ спорт және акт залдарын аралады. Мұнда оқушылардың шығармашылық дағдыларын дамыту, цифрлық технологияларды зерттеу, роботты техниканы үйлестіру және жасанды интеллектіні қолдану жағына басымдық берілмек. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 24 оқу ошағы салынып жатқанын мәлімдеді.
Ал Оқу-ағарту министрі ел бойынша бүгінде 300 астам мектептің құрылысы жүріп жатқаны жөнінде баяндады.