Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті

Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті

Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынның мән-маңызы ерекше екенін айтты. Парламенттік ассамблея – өте маңызды саяси құрылым, - деді Мемлекет басшысы. Қазір Парламенттік ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігер арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатыр. Тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсуде. Президент еліміз Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылданғанына, ұйым елдері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отыр. Осының бәрі – түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттерінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Жақында Мажарстанда өткен мемлекет басшыларының бейресми кездесуі нәтижелі болды. Қазақстан осы игі үрдісті жалғастыра беруге қашанда әзір. Бұл ретте, мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсындым.

Президент соңғы жылдары Қазақстанда жан-жақты жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды. Оның түпкі мақсаты Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының отырысының Астанада өтуін толықтай қолдайтындығын айтты. Алқалы жиын «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» деген тақырыпта өтеді. Президент бұл кездесу түркі мемлекеттерінің мақсат-мүддесі бір екенін айқын көрсететінін айтып, татулықты сақтау мен нығайту баршаға ортақ міндет деп атады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?